2025 жылғы 4 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Минкесер ауылындағы «Мамбетов және К» КС базасында облыстың егін жинау науқанына дайындыққа арналған "Ұлы дала астығы – 2025" дала күні өтті.
Ауқымды іс-шараға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин, аудан әкімдері, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, аграрлық кеңес мүшелері, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және Ресей Федерациясынан келген серіктестер болды.
Биыл өңір диқандары 4,3 миллион гектар егіс алқабынан өнім жинауға дайындалуда. Оның ішінде 3 миллион гектары – дәнді дақылдар, ал 1 миллион гектарға жуығы – майлы дақылдар. Егісті әртараптандыру, заманауи агротехнологияларды енгізу және кешенді дайындық жұмыстарының нәтижесінде мол өнім күтілуде. Іс-шараның дәл біздің шаруашылықта өткізілуі – кәсіпорын үшін үлкен мәртебе.
Қонақтарға заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, сорттық тәжірибе алқаптары, селекциялық жетістіктер, сондай-ақ тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуші компаниялардың инновациялық шешімдері таныстырылды.
Қатысушылар өнімділікті арттыру, шығындарды азайту, инновацияларды енгізу, тұрақты егіншілік қағидаларын дамыту және қазақстандық әрі ресейлік аграршылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
– Біздің шаруашылық үшін осындай мәртебелі қонақтарды қабылдау үлкен құрмет. Біз өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына өз үлесімізді қосуға және жинақтаған тәжірибемізбен бөлісуге әрдайым дайынбыз, – деді «Мамбетов және К» КС бас директоры Нұрмағамбет Ойрат Еркебұланұлы.
«Ұлы дала астығы – 2025» дала күнінің өткізілуі егін жинау науқанына дайындықтың маңызды кезеңі ғана емес, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің жетістіктері мен әлеуетін таныстырудың тиімді алаңына айналды.










